
2022 жылы 25 қарашада Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы тарихта есімдері қалған жерлес әйел-аналарымызға тағзым ету мақсатында қолға алынған «Ұлы дала қыздары» жобасын қорытындылап, «Ананың ақ жолымен» атты шара өткізді.
Шараға білім саласынын ардагері, өлкетанушы, Ақтөбе туристік-географиялық картасын жасақтаған Райгүл Сергалиева бастаған «Қазақ аналары - дәстүрге жол» жобасының мүшелері, Ырғыз, Мәртөк, Байғанин аудандарының белсенді ардагер аналар қатысып, қоғамдағы ананың ролі, қәзіргі қазақ қызының бейнесі туралы айтып, тәлім-тәрбие ананың ақ сүтімен, бесік жырымен баланың бойына даритындығын тілге тиек етіп, өмірден түйген ғибратты әңгімелерімен бөлісті.
Шара барысында «Ана - тіршілік, ана – өмір өзегі» атты кітап көрмесі ұсынылды. «Шолпы» қыз балалар клубының мүшелері тарихта қалған аналар бейнесін «Аналар – Даналар» әдеби дефилесі арқылы сомдаса, анаға деген ыстық сезімдерін «Желкен» әдеби клубының мүшелері «Ана деген теңдесі жоқ ұлылық» әдеби монтажымен, №6 «Орман ертегі» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері жырмен, әнмен жеткізді.
Шараға №31 орта мектебінің, М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің, Ғ.Ақтаев атындағы № 6 мектеп-гимназиясының, Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектебінің оқушылары белсене қатысты.