Новые книги

Новые книги

Байбота Қошым-Ноғай

Мынау ғазиз дүние. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.10: Қазақ жазушыларының балаларға арналған хикаяттары. – 480 б.

            Қазақ балалар әдебиеті ұдайы өсу үстінде. Оның ішінде, әсіресе, балаларға арналған хикаяттардың алатын орны аумақтырақ.

            «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясының» соңғы кітабына әдебиеттің осы саласында қарымды жұмыс жасап жүрген белгілі жазушыларымыз Т.Әбдірайымның «Дала әуені», К.Оразбекұлының «Бас бармақ, Балаң үйрек, Ортан терек, Шылдыр шүмек, Кішкене бөбектің қызықты хикаялары»,  Д.Мамырбаеваның «Махабаттың ақ жуыны», С.Дүйсенбиевтің «Суық жаңбыр», К.Сәттібайұлының «Жаралы жапырақтар», Ж.Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз», Г.Шойбекованың «Үш бала», М.Омарованың «Ғажайып көл», Е.Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Б.Сарыбайдың «Ақтабан», Е.Тоқтарбайдың «Өмір қандай керемет!» секілді хикаяттары енгізіліп отыр.

Байбота Қошым-Ноғай

Қарлығаштың ұясы. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.9: Қазақ жазушыларының балаларға арналған хикаяттары. – 464 б.

            Балаларға арналған хикаяттар ХХ ғасырдың екінші жартысында белгілі дәрежеде көп жазылып, әдебиеттің бұл жанры қарқынды дамыды. Олардың арасында республика деңгейінде жақсы танылып, шет тілдеріне аударылып, халықаралық Х.К.Андерсен атындағы сыйлыққа ие болғандары да бар. Бұл антологияда осындай шығармалар да қамтылды.

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томына Қ.Омарұлының «Альфа – Ақтөс», М.Қабанбайдың «Пысық болдым, мінеки», К.Қамзиннің «Айнабұлаққа ма? Айнабұлаққа...», Б.Сүлейменовтің «Хан шатырындағы кездесу немесе ертегілер әлеміне саяхат», А.Естеновтің «Сырлы дүние», С.Оспановтың «Әдемі ауру», Қ.Түменбайдың «Біздің үйдің солдаттары», Б.Болатханованың «Бибіажар мен Бойтұмар» хикаяттары еніп отыр.

Байбота Қошым-Ноғай

Алатау ертегісі. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.8: Қазақ жазушыларының балаларға арналған хикаяттары. – 504 б.

            Балаларға арналған хикаяттардың ғасырға жуық кезеңде жеткен жетістіктері мен алған биіктері аз емес. Көрнекті балалар жазушылары Құрманбай Толыбай, Жолдасбай Тұрлыбаев,  Мұхамеджан Етекбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Мұхтар Мағауин, Кәдірбек Сегізбай, Молдахмет Қаназ, Пернебай Дүйсенбин, Тынымбай Нұрмағанбетов, Мархабат Байғұт тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттары әдебиеттің осы саласындағы ірі табыстарынан саналады..

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томына осы тақылеттес қаламгерлердің «Ерасылдай ер қайда», «Баламерген», «Алатау ертегісі», «Рахима»,  «Тазының өлімі», «Жетім қонжық», «Чика – Дабылдың баласы», «Нұрстан мен Аққанаттың бастан кешкендері», «Қарлығаштың ұясы», «Тоғызыншы сынып» тәрізді белгілі хикаяттары енгізілді. Алғашқы хикаятқа батыр бабамыз Қаракерей Қабанбайдың жас кезіндегі жауға қарсы көрсеткен ерлік істері өзек болады. Ал келесі ертегі хикаяттар балалардың қиялын байыта түседі.

Байбота Қошым-Ноғай

Ортаншы ұл. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.7: Қазақ жазушыларының балаларға арналған хикаяттары. – 504 б.

            Балаларға арналған хикаяттардың ғасырға жуық кезеңде жеткен жетістіктері мен алған биіктері аз емес. Мұқан Иманжанов, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Машқар Гумеров тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттары сан ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосты.

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томына осы тақылеттес қаламгерлердің «Алғашқы айлар», «Менің атым – Қожа», «Тәмпіш қара», «Ортаншы ұл» тәрізді белгілі хикаяттары енгізілді. Бұл шығармаларда мектеп өмірі, ұстаздар қауымы мен шәкірттердің қарым-қатынасы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, балалар өміріндегі сан алуан қызықтар әсерлі баяндалады.

Байбота Қошым-Ноғай

Алтын киік. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.6: Қазақ жазушыларының балаларға арналған хикаяттары. – 432 б.

            Қазақ әдебиетінде балаларға арналған хикаяттар шетел жазушыларының әсер-ықпалымен ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, қалыптаса бастады. Ғасырға жуық кезеңде бұл саланың да жеткен жетістіктері мен алған асулары аласа емес. Қазақ оқырмандарының бірнеше буыны Сапарғали Бегалин, Мұхтар Әуезов, Мағзұм  Тиесов, Сейтжан Омаров, Қасым Қайсенов тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттарын оқып ержетті.

            Бұл кітапқа қазақ балалар әдебиетінің көшбасшылары тақылеттес осы қаламгерлердің «Бала Шоқан», «Көксерек», «Дала перзенті», «Алтын киік», «Жау тылындағы бала» хикаяттары енгізілді. Бұл хикаяттардың біріне қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өзек болса, ал келесі бірі балалардың өсіп-ержету жолындағы мінез-құлық өзгерістерін шебер бейнелесе, бірі ертегі-хикаят ретінде құнды.

Байбота Қошым-Ноғай

Балапан. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.5: Қазақ жазушыларының балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары. – 480 б.

            Қазақ балалар әдебиеті ХХ ғасырда әлем әдебиетінің озық үлгілерінен сусындаған көптеген талантты жазушылармен толықты. Олардың қатарында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары мен балаларға арналған шығармаларға арнайы жарияланған бәйгелердің жүлдегерлері де бар.

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен құрастырылған. Балалар, әсіресе, өздерінің сүйікті жазушылары М.Қаназ, М.Қабанбай, Б.Сүлейменов, С.Оспан, С.Дүйсенбиев тәрізді қаламгерлердің көзтаныс кейіпкерлерімен қайта кездесіп, тағы да бір талғам таразысына салады.