Новые книги

Новые книги

Байбота Қошым-Ноғай

Ғажайып құмыра. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.4: Қазақ жазушыларының балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары. – 480 б.

            Қазақ балалар әдебиетінің қайнар көзі тереңде жатқанмен, жазба әдебиетіміздің бастауында тұрған әйгілі ағартушы ғалым, дала қоңырауы атанған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, оның жолын жалғастырған аяулы арыстарымыз Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Спандияр Көбеев сынды қаламгерлердің қатары ХХ ғасырда әлем әдебиетінің озық үлгілерінен сусындаған көптеген талантты жазушылармен толықты.

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен түзілген. Балалар, әсіресе, өздерінің сүйікті жазушылары Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Қ.Толыбаев, М.Гумеров тәрізді қаламгерлердің көзтаныс кейіпкерлерімен қайта кездесіп, мәре-сәре болары анық.

Байбота Қошым-Ноғай

Бейбіт күн. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.3: Қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандандары. – 480б.

            Қазақ балалар әдебиеті антологиясының бұл кітабы да қазақ ақындарының балаларға арналған хрестоматиялық сипаттағы таңдаулы өлеңдерінен, санамақтарынан, мазақтамаларынан, жұмбақтары мен жаңылтпаштарынан, жаңа ертегі-дастандарынан тұрады. Жас оқырмандар бұл жолы өздерінің Қ.Мырза Әли, Қ.Баянбай, Е.Өтетілеу, С.Қалиев, Ө.Ақыпбек, Е.Ашықбаев тәрізді көптеген сүйікті ақындарымен қатар балалар әдебиетінің кейінгі буын өкілдерінің тамаша туындыларымен табысады.

            Балалардың ұғымына лайық жеңіл тілмен жазылған сан алуан туындылар өзінің танымдық құндылығымен, образдылығымен, тапқырлығымен және тақырып байлығымен ерекшеленеді.

Байбота Қошым-Ноғай

Ағайынбыз бәріміз. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.2: Қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандандары. – 480б.

            «Ағайынбыз бәріміз» атты бұл кітап қазақ ақындарының балаларға арналған хрестоматиялық сипаттағы таңдаулы өлеңдерінен, санамақтарынан, мазақтамаларынан, жұмбақтары мен жаңылтпаштарынан, жаңа ертегі-дастандарынан тұрады. Жас оқырмандар ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннен бастап, өздерінің М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, т.б. тәрізді сүйікті ақындарының тамаша туындыларын тұшынаоқитын болады.

Байбота Қошым-Ноғай

Қуыр-құыр, қуырмаш. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.1: Қазақтың халық өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жұмбақ-есептері, мақал-мәтелдері, ертегілері, аңыздары. – 480 б.

            Қазақ ауыз әдебиетінің асыл үлгілері жас ұрпақты тәрбиелеуге орасан зор қызмет атқарады. Ал ауыз әдебиетінің аса маңызды бір саласы – балалар фольклоры болып табылады. Ана әлдиінен, бесік жырынан бастау алатын балалар фольклоры сәбидің азамат болып қалыптасқан кезеңіне дейін тіл ұстартып, ұлттық тәлім беріп, балдырғандардың қиялына қанат бітіреді, оның азаматтық тұлғасының қалыптасуына шынайы әсер етеді.

            Бұл кітапқа ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен асыл қазынамыз – балалар фольклоры жүйелі топтастырылған. Оқырман қауымның жас ерекшелігін өлеңдер мен тақпақтар, санамақтар мен қаламақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, мақалдар мен мәтелдер, аңыздар мен ертегілер өзінің шұрайлы тілімен, тапқыр шешімімен, қызықты оқиғасымен баурап алады.

Құмар Н.

Көк байрақтай – көк жейде / Нұрлан Құмар. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2022. – 376 б.

Жас жазушы Нұрлан Құмар сонау бір бала кезінен-ақ базарлы балалық шақ туралы қалам тартып, балалар тәрбиесіне, олардың ертеңгі күні үлкен ер-азамат болып қалыптасуына қазақ балалар әдебиеті арқылы айтарлықтай атсалысып келеді. Оның жазған әрбір мөлтек әңгіме-ертегілері ерліктің ерін жастантып, инабаттылықтың иірімдеріне иінтіп, қиял әлемінің құшағында әлдилейді.

Құрметті жас оқырман, енді міне, өздеріңе арнап Н.Құмар «Көк байрақтай – көк жейде» атты кітабын ұсынып отыр. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде: «Құмырсқа жүгіреді жұмысқа», «Мақалдың қасиеті», «Бір құшақ қиял», «Ғибадаттың ғажабы» сияқты сиқыр әлемнің сырын ұғынтуға ұмтылдыратын әңгімелер, ал екінші бөлімде: «Жеңіс пен жеміс түбі – сабыр», «Сәлем – сөздің анасы», «Тасбақа неге тас арқалайды?», «Үкі неге түнде ұйықтамайды?» деген қиял-ғажайып ертегілер шоғыры берілген. Кітаптағы әрбір әңгіме   әдептілікті, әрбір ертегі ерлкті, мейірбандылық пен бауырмал достықты алдыға тартады. Ендеше, зер салып оқып шықсаңыздар – үлгі-өнегенің  өлкесіне қанат жайып, кемел өмір кемесінде жүзе білесіздер.

Әлем халықтарының ертегілері

(Құрастырып, тәржімалаған Кеуерхан Тымағұлова). – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2022. – 384 б.

«Әлем халықтарының ертегілері» - біздің балаларымыз үшін ауыз айтып жеткізе алмас ғажайып бір сыйлық. Өйткені бұл кітапта автордың тәржімалауымен ең таңдаулыертегілер енгізіліп отыр.

Әлем халықтарының әдеби қазынасынан сыр шертетін туындының бүлдіршіндерді ғана қуантып қоймай, ересектер үшін де рухани азық болары сөзсіз. Адамзаттың асыл мұрасы болып табылатын ертегілердің оқырманға берер тәрбиелік әрі көркемдік-эстетикалық мәні де орасан зор.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.