Өңірде 79 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдардағы осал отбасының балалары мен бастауыш сыныптардың оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастыру шарасы жүзеге асырыла бастады. Бұл бастама балалардың денсаулығын сақтау және оқу үдерісін қолдау мақсатында қолға алынды.
Қазіргі таңда облыс бойынша 399 мемлекеттік мектепте тегін ыстық тамақтандыру қызметі ұйымдастырылған. Осы арқылы облыс мектептерінде 70 176 бастауыш сынып оқушысы, 5-11 сынып аралығындағы 8560 жекеленген санаттағы бала, барлығы 79 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен жалпы 8 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы тамақтандыруды ұйымдастыру мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде облыс мектептеріне 93 өнім беруші қызмет көрсетіп келеді. Бұл жүйе балалардың сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамтылуын қамтамасыз ете отырып, қызмет көрсету деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.