ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында «Батырлар жыры – балалар әлемінде» жобасы бойынша ZOOM платформасында, «aqtobe.madeniet» әлеуметтік инстаграм парақшасының тікелей эфирінде Жанқожа Нұрмұхамедұлына арналған әдеби жыр кеші өтті. Жанқожа батырдың өмірін, ерлік жолын қамтитын ақын-жыраулардың туындылары оқырмандарға таныстырылды. Солардың ішінде Төремұрат жырау, Лұқпан Кенжеұлы мен Сардарбек Қожағұлов нұсқаларын шара қонағы жыршы Демеубай Жолымбетов орындап берді.
Батыр әрі би Жанқожаның шыққан тегі, Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының әр кезеңінде көрсеткен азаматтық, ерлік істерін шынайы баяндайтын «Бабалар сөзі» сериясының 62 томы, Молдахмет Қаназдың «Ел қорғаған ер Жәкем», Тойбазар Елемесовтың «Жанқожа», Иван Аничковтың «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» кітаптары оқырман назарына оқуға ұсынылды.