Новые книги

Байбота Қошым-Ноғай

Алтын киік. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.6: Қазақ жазушыларының балаларға арналған хикаяттары. – 432 б.

            Қазақ әдебиетінде балаларға арналған хикаяттар шетел жазушыларының әсер-ықпалымен ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, қалыптаса бастады. Ғасырға жуық кезеңде бұл саланың да жеткен жетістіктері мен алған асулары аласа емес. Қазақ оқырмандарының бірнеше буыны Сапарғали Бегалин, Мұхтар Әуезов, Мағзұм  Тиесов, Сейтжан Омаров, Қасым Қайсенов тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттарын оқып ержетті.

            Бұл кітапқа қазақ балалар әдебиетінің көшбасшылары тақылеттес осы қаламгерлердің «Бала Шоқан», «Көксерек», «Дала перзенті», «Алтын киік», «Жау тылындағы бала» хикаяттары енгізілді. Бұл хикаяттардың біріне қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өзек болса, ал келесі бірі балалардың өсіп-ержету жолындағы мінез-құлық өзгерістерін шебер бейнелесе, бірі ертегі-хикаят ретінде құнды.

Байбота Қошым-Ноғай

Балапан. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.5: Қазақ жазушыларының балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары. – 480 б.

            Қазақ балалар әдебиеті ХХ ғасырда әлем әдебиетінің озық үлгілерінен сусындаған көптеген талантты жазушылармен толықты. Олардың қатарында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары мен балаларға арналған шығармаларға арнайы жарияланған бәйгелердің жүлдегерлері де бар.

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен құрастырылған. Балалар, әсіресе, өздерінің сүйікті жазушылары М.Қаназ, М.Қабанбай, Б.Сүлейменов, С.Оспан, С.Дүйсенбиев тәрізді қаламгерлердің көзтаныс кейіпкерлерімен қайта кездесіп, тағы да бір талғам таразысына салады. 

Байбота Қошым-Ноғай

Ғажайып құмыра. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.4: Қазақ жазушыларының балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары. – 480 б.

            Қазақ балалар әдебиетінің қайнар көзі тереңде жатқанмен, жазба әдебиетіміздің бастауында тұрған әйгілі ағартушы ғалым, дала қоңырауы атанған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, оның жолын жалғастырған аяулы арыстарымыз Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Спандияр Көбеев сынды қаламгерлердің қатары ХХ ғасырда әлем әдебиетінің озық үлгілерінен сусындаған көптеген талантты жазушылармен толықты.

            Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының бұл томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен түзілген. Балалар, әсіресе, өздерінің сүйікті жазушылары Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Қ.Толыбаев, М.Гумеров тәрізді қаламгерлердің көзтаныс кейіпкерлерімен қайта кездесіп, мәре-сәре болары анық.

Байбота Қошым-Ноғай

Бейбіт күн. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.3: Қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандандары. – 480б.

            Қазақ балалар әдебиеті антологиясының бұл кітабы да қазақ ақындарының балаларға арналған хрестоматиялық сипаттағы таңдаулы өлеңдерінен, санамақтарынан, мазақтамаларынан, жұмбақтары мен жаңылтпаштарынан, жаңа ертегі-дастандарынан тұрады. Жас оқырмандар бұл жолы өздерінің Қ.Мырза Әли, Қ.Баянбай, Е.Өтетілеу, С.Қалиев, Ө.Ақыпбек, Е.Ашықбаев тәрізді көптеген сүйікті ақындарымен қатар балалар әдебиетінің кейінгі буын өкілдерінің тамаша туындыларымен табысады.

            Балалардың ұғымына лайық жеңіл тілмен жазылған сан алуан туындылар өзінің танымдық құндылығымен, образдылығымен, тапқырлығымен және тақырып байлығымен ерекшеленеді.

Байбота Қошым-Ноғай

Ағайынбыз бәріміз. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.2: Қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандандары. – 480б.

            «Ағайынбыз бәріміз» атты бұл кітап қазақ ақындарының балаларға арналған хрестоматиялық сипаттағы таңдаулы өлеңдерінен, санамақтарынан, мазақтамаларынан, жұмбақтары мен жаңылтпаштарынан, жаңа ертегі-дастандарынан тұрады. Жас оқырмандар ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннен бастап, өздерінің М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, т.б. тәрізді сүйікті ақындарының тамаша туындыларын тұшынаоқитын болады.

Байбота Қошым-Ноғай

Қуыр-құыр, қуырмаш. / Құраст. Байбота Қошым-Ноғай/ - Алматы: «Әдебиет» баспа үйі, 2021.

Т.1: Қазақтың халық өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жұмбақ-есептері, мақал-мәтелдері, ертегілері, аңыздары. – 480 б.

            Қазақ ауыз әдебиетінің асыл үлгілері жас ұрпақты тәрбиелеуге орасан зор қызмет атқарады. Ал ауыз әдебиетінің аса маңызды бір саласы – балалар фольклоры болып табылады. Ана әлдиінен, бесік жырынан бастау алатын балалар фольклоры сәбидің азамат болып қалыптасқан кезеңіне дейін тіл ұстартып, ұлттық тәлім беріп, балдырғандардың қиялына қанат бітіреді, оның азаматтық тұлғасының қалыптасуына шынайы әсер етеді.

            Бұл кітапқа ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен асыл қазынамыз – балалар фольклоры жүйелі топтастырылған. Оқырман қауымның жас ерекшелігін өлеңдер мен тақпақтар, санамақтар мен қаламақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, мақалдар мен мәтелдер, аңыздар мен ертегілер өзінің шұрайлы тілімен, тапқыр шешімімен, қызықты оқиғасымен баурап алады.

Құмар Н.

Көк байрақтай – көк жейде / Нұрлан Құмар. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2022. – 376 б.

Жас жазушы Нұрлан Құмар сонау бір бала кезінен-ақ базарлы балалық шақ туралы қалам тартып, балалар тәрбиесіне, олардың ертеңгі күні үлкен ер-азамат болып қалыптасуына қазақ балалар әдебиеті арқылы айтарлықтай атсалысып келеді. Оның жазған әрбір мөлтек әңгіме-ертегілері ерліктің ерін жастантып, инабаттылықтың иірімдеріне иінтіп, қиял әлемінің құшағында әлдилейді.

Құрметті жас оқырман, енді міне, өздеріңе арнап Н.Құмар «Көк байрақтай – көк жейде» атты кітабын ұсынып отыр. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде: «Құмырсқа жүгіреді жұмысқа», «Мақалдың қасиеті», «Бір құшақ қиял», «Ғибадаттың ғажабы» сияқты сиқыр әлемнің сырын ұғынтуға ұмтылдыратын әңгімелер, ал екінші бөлімде: «Жеңіс пен жеміс түбі – сабыр», «Сәлем – сөздің анасы», «Тасбақа неге тас арқалайды?», «Үкі неге түнде ұйықтамайды?» деген қиял-ғажайып ертегілер шоғыры берілген. Кітаптағы әрбір әңгіме   әдептілікті, әрбір ертегі ерлкті, мейірбандылық пен бауырмал достықты алдыға тартады. Ендеше, зер салып оқып шықсаңыздар – үлгі-өнегенің  өлкесіне қанат жайып, кемел өмір кемесінде жүзе білесіздер.

Әлем халықтарының ертегілері

(Құрастырып, тәржімалаған Кеуерхан Тымағұлова). – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2022. – 384 б.

«Әлем халықтарының ертегілері» - біздің балаларымыз үшін ауыз айтып жеткізе алмас ғажайып бір сыйлық. Өйткені бұл кітапта автордың тәржімалауымен ең таңдаулыертегілер енгізіліп отыр.

Әлем халықтарының әдеби қазынасынан сыр шертетін туындының бүлдіршіндерді ғана қуантып қоймай, ересектер үшін де рухани азық болары сөзсіз. Адамзаттың асыл мұрасы болып табылатын ертегілердің оқырманға берер тәрбиелік әрі көркемдік-эстетикалық мәні де орасан зор.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Ернұр Сейдахмет

«Жалқау құмырсқа» - Алматы: «Алматы-Болашақ» АҚ баспасы, 2022. - 160 бет.

Ернұр Сейдахмет 1984 жылы Жезқазған қаласында туған. Мектепті ойдағыдай бітіріп, туған жеріндегі университетте білім алып, инженер-технолог мамандығын меңгерді. Балаларға арналған республикалық «Астана-Бәйтерек» (2007), «Балауса» (2013), Халықаралық «Дарбоз» (2012) конкурстардың жеңімпазы атанды. «Қашан үлкен боламын?», «Тентек доп», «Күлші, кәне, балақай!» кітаптарының авторы.

Қолыңызға тиіп отырған «Жалқау құмырсқа» кітабы өзінің шебер жазылуымен кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық. Тілі жатық, ойы ұшқыр, тәлім-тәрбиесі мол жинақты әр баланың сүйіп оқитынына сенімдіміз.

Заря Жұманова

«Ғажайып орман» «Алматы-Болашақ» АҚ баспасы, 2022 ж, 160 бет.

Танымал жазушы Заря Жұманова – «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем», «Ақбота», «Күләйша, Рокфеллер және басқалар», «Запах дождя», т.б. атты прозалық кітаптардың авторы. Оның жаңа кітабы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Кітаптың тілі тартымды, оқиғалары қызықты