«Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді», – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде Қазақстанда 124-тен астам этнос өкілдері татулық пен келісімде өмір сүреді. Олар елдің толыққанды азаматтары және мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандық бірегейлікті нығайту, этносаралық шиеленістің мен қақтығыстардың алдын алу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жылы этносаралық келісімді нығайтуға, қақтығыстардың алдын алуға, этномедиацияны дамытуға, мамандарды даярлауға және этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған кешенді шараларды іске асырды.
Солардың бірі – 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпір. Оған 1000-нан астам адам қатысты. Іс-шара аясында «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы және «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өтті.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) «Бірлік. Жасампаздық. Прогресс» XXXIII сессиясы. Оған Мемлекет басшысы төрағалық етті. Сонымен қатар, 28 сәуірде «Бірлік жүгірісі» атты жартылай марафон өтті. Оған 15 өңірден 15 мың адам қатысты.
2024 жылы ҚХА жанынан «Жомарт жан» қоғамдық орталықтары құрылды. Олар бірнеше волонтерлік және қайырымдылық акциялар ұйымдастырды. Атап айтсақ, «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» акциялары өтті. Жалпы, өткен жылы ҚХА мүшелері мұқтаж азаматтарға 1,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетті.