«Тұғыры биік – Тәуелсіздік!» кітап фестивалінің екінші күні
2021 жылғы 14 желтоқсан күні Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Keruen City» сауда-ойын орталығына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау Жылы аясында «Тәуелсіздік – ақ батасы атаның, Тәуелсіздік – сәбилердің шаттығы!» патриоттық акциясын ұйымдастырды.
Шараның мақсаты: балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін қастерлеуге тәрбиелеу; балалар әдебиетін насихаттау; балалардың білімге құштарлығын арттыру.
Патриоттық шараға Ақтөбе қаласының бала бақша бөбектері, мектеп оқушылары, кітапхананың белсенді оқырмандары, «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының мүшелері, «Шолпы» қыз балалар клубының мүшелері, «Капоэйра афро-бразилиялық жекпе-жек өнері үйірмесінің өнерпаздары қатысты.
Жас патриоттар Тәуелсіз елімізді патриоттық ән-жырлар арқылы Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресін құрметтеп, тәуелсіздік жолының құндылығын, еліміздің бүгінгі жетістіктерін паш етті.
«Шолпы» қыздар клубының мүшелері ескіні жаңғыртып, ұлтымыздың дәстүрлерінен үлгі ала отырып жасаған ұлттық қолөнер бұйымдарымен таныстырып, қыз балалардың шаш өру үлгілеріне шеберлік класын өткізді.
Салауатты өмір салтын насихаттаушы Ерлан Білісбаев шәкірттерімен бірге «Капоэйра» бразиялық спорттық биіндегі беримбау, барабан аспаптарымен үндескен акробаттық қимылдарымен тамсандырды.
Балалар кітап көрме-инсталляциясымен танысып, «Оқимыз. Ойнаймыз. Армандаймыз» әдеби-game бөлімінде әдеби ойындарына қатысып, білімдерін шыңдады.