Биыл Ақтөбе облысында 56 ауыл мектебі жаңғыртылады
Қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдары 100% интернетпен қамтылған. Бұл – өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. 2024 жылы облыстағы 45 мектепке «Starlink» спутниктік интернеті қосылып, осы мектептердің интернет жылдамдығы 4 Мбит/с-тан 150 Мбит/с-қа дейін артты. Бұл жаңашылдық оқушылар мен мұғалімдерге интернеттің жоғары жылдамдығын пайдаланып, білім алу мен оқыту процесін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктердің бірі – облыстағы мектептердің интернет жылдамдығы. Мысалы, 100 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы интернетке 249 мектеп (57,5%) қосылған болса, 50-80 Мбит/с жылдамдықтағы интернетті 184 мектеп (42,5%) пайдаланып отыр. Бұл көрсеткіштер білім беру процесін онлайн платформалар мен ресурстар арқылы жүргізу үшін қажетті инфрақұрылымның қалыптасқанын дәлелдейді.
«Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында жүзеге асырылған шаралар өңірдегі ауыл мектептеріне де жоғары жылдамдықты интернет қызметін жеткізуге мүмкіндік берді.
2025 жылға дейін Ақтөбе облысындағы шағын қалалар мен ауылдарда орналасқан 282 мектепті жаңғырту жоспарланды. Осылайша, 2021 жылы – 58, 2022 жылы – 56, 2023 жылы 56 мектеп жаңартылды, 2024 жылы тағы 56 мектеп жаңғыртылды. Ал 2025 жылы тағы 56 мектепті қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыс бойынша барлық мектеп оқулықтары 100% цифрлық форматқа көшірілді. Бұл да білім беру процесін заманауи талаптарға сай дамыту үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда 704 электронды оқулық баспа платформаларында орналастырылып, барлық пәндер бойынша 100% қамтуды қамтамасыз етуде. Электронды оқулықтар 11 білім беру платформасында қолжетімді.